
Сурет: instagram.com/kornekti_ustaz/
Бағдарламаны іске асыруға ауданның 300-ге жуық педагогі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының практикалық оқыту семинарларына қатысты.
Оқу – тәрбие үрдісімен біріктірілген бағдарламаны жүзеге асыру аясында Қ.Кемеңгеров атындағы орта мектепте «Ұлтық құндылық – болашақтың қайнар көзі» тақырыбында облыстық семинар, Жайма мектебінде «Құндылықтар мен мәдениеттің тәрбие үдерісіндегі маңызы», Қаражар мектебінде «Біртұтас тәрбие бағдарламасы мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға жаңа көзқарас», Ш.Шөкин атындағы мектепте «Жас сарбаз – Мәңгілік ел ұланы», М.Көпейұлы атындағы мектепте «Оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесі жұмысы», Ақши мектебінде «Ұлттық құндылықтар – білімнің қайнар көзі», Жаяу Мұса атындағы балалар өнер мектебінде «Ұлттық құндылықтар және оны іске асыру жолдары» тақырыбында семинарлар өткізілді. Аталған іс-шаралар барысында педагогтер бағдарламада көрсетілген құзыреттіліктер мен құндылықтарды іске асыру жолындағы үздік әдіс-тәсілдермен бөлісіп, шеберлік сағаттары, танымдық көрмелер, тренингтер өтті.
Аудандағы «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығында» 3350 ата-ана тіркелген. Оның негізінде «Даналық мектебі» жүйелі жұмыс істейді. Бұған қоса «Мирас», «Аққу», әкелер, аналар, әжелер, жеңгелер, ағалар клубтарының жұмысы барлық білім беру ұйымдарында жүргізіліп, тәрбие беру мәселесінде маңызды рөл атқарып отыр. Ауданның бірнеше мектебі «Сенімен болашақ» ата-аналар бірлестігі өңірлік филиалымен үнемі байланыста.
«Балалар кітапханасы» жобасы аясында мектептердегі кітапханалар жасөспірімдерді кітап оқуға баулу жұмысын белсенді жүргізеді. Жоба аясында түрлі байқаулар мен фестивальдер, сайыстар ұйымдастырылып, аудандық форумда кітап авторлары мен оқырмандар кездесті.
Ал «Шабыт» жобасы негізінде ұлттық дәстүрлі өнерді насихаттауға бағытталған оқушылар арасындағы ақындар айтысы және «Әншуақ» республикалық фестивалі тұрақты өткізіліп келеді.
Бүгінде барлық білім беру ұйымдарында үзіліс кезінде әдеттегі қоңыраудың орнына ұлттық, тарихи маңыздылығы бар күйлер ойнатылады. Ол күйлердің тарихы мен маңыздылығын білу үшін қолжетімді жерлерде Qr-кодтар қойылған. «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» идеясын жүзеге асыру бағытында мектептерде үзіліс кезінде оқушылар тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық, шахмат ойындарын ойнайды. Бұған қоса оқушылардың бойындағы энергия мен суды үнемдеу, табиғатқа деген жаңашырлық сезімдерін ояту негізінде «Үнемді тұтыну» жобасы да сәтті жүзеге асып жатыр. Ал балалардың сөз саптауын, тіл байлығын дамыту, ақын-жазушылардың шығармаларын таныту мақсатында апта сайын «Дәйек сөздер» беріледі. Қасиетті Баянауыл ауданынан шыққан ақын-жазушылардың, ғалымдардың дәйек сөздерінен жинақ жасалып, оқушыларға таныстырылып, жаттауға беріледі.
«Біртұтас тәрбие» бағдармасының негізгі міндеті – еліне адал қызмет ететін, ұлттық құндылықтарға толы, білімді – толық адамды тәрбиелеу. Білім беру ұйымдары барлық мүмкіндікті пайдаланып, Отанына, халқына мінсіз қызмет ететін тұлғаны тәрбиелеу жолында еңбек етіп келеді.
Гүлнази Нұртаева,
Баянауыл ауданы білім бөлімі әдістемелік кабинет меңгерушісі
Павлодар облысы