
Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Жаһандық цифрландыру, тұрақты дамуға ұмтылыс, электрондық коммерция қарқыны, халықаралық стандарттардың әсері ішкі еңбек нарығындағы өзгерістердің қозғаушы күшіне айналды. Бүгінгі таңда жұмыс берушінің назары белгісіздік жағдайын еңсере алатын, цифрлық дағдыны меңгерген, жаңа технологияларды игеруге қабілетті мамандарға ауған. Big Data және бизнес-үдерістерді автоматтандырудың дамуымен деректер талдаушылары және жоба мамандары еңбек нарығында лайықты орын алды. АҚШ, Еуропа компанияларының деректерді автоматтандырылған талдау технологияларын белсенді қолдануы дамыған елдердің бизнес тиімділігін барынша арттыруға ықпал ететін құралдарға баса көңіл бөлетінін көрсетеді.
Өткен жылы IT саласы мамандарына сұраныс жоғары деңгейде болды. Hh.kz мәліметінше, бұл сектор барлық жарияланған бос жұмыс орындарының 20%-ын құрады. Жұмыс берушілер бағдарламалық жасақтама жасаушыларды (Full Stack, Backend, Frontend), кибершабуылдардың көбеюіне байланысты киберқауіпсіздік мамандарын, жүйелік талдаушылар мен деректер инженерлерін, ЖИ инженерлері мен машиналық оқыту мамандарын іздеуді жалғастырды. Бастауыш әзірлеушінің орташа жалақысы 600-800 мың теңге төңірегінде болса, жетекші инженерлердің еңбекақысы 2 миллион теңгеге дейін барады. LinkedIn Global Talent Trends мәліметі де кейінгі бес жылда жасанды интеллект мамандарына жаһандық сұраныс 74%-ға артқанын алға тартады. Мұндай елеулі өзгерісті қаперден қалт жібермейтін Еуроодақ елдерінде компаниялар қызметкерлерді жаңа технологиялармен жұмыс істеуге бейімдеу үшін қайта даярлау (reskilling) бағдарламаларын белсенді түрде енгізіп жатыр. Біздің елімізде де IT саласындағы бос жұмыс орындарының 15%-ы ЖИ автоматтандырумен байланысты. Еңбек нарығы саласындағы сарапшылар жұмыс берушілер де IT-дегі кадр тапшылығын қысқарту барысында осындай тәжірибелерге көңіл бөлуі керек деп есептейді.
Цифрлық дәуір сату, маркетинг секторының, әсіресе электрондық коммерцияның дамуын шапшаңдатты. Былтыр сауданың бұл түрі 35%-ға өсіп, сектордағы бос жұмыс орындарының көлемін 20%-ға арттырды. Сату жөніндегі менеджерлердің жалақысы 400 мың теңгеден басталып, ірі B2B-компанияларда 1,2 миллион теңгеге жетеді. Компанияларда креативті тәсілді сараптамалық дағдымен үйлестіре алатын кадрлар, стратегиялық қарым-қатынас орнатуға қабілетті сату менеджерлері, SEO, SMM, контекстік жарнама тәжірибесі бар диджитал маркетологтері, CRM, маркетингті автоматтандыру мамандары жоғары сұранысқа ие.
Сонымен қатар елімізде инфрақұрылымдық, энергетикалық жобалардың өсуі барысында инженерлер мен өндіріс мамандарына сұраныс айтарлықтай өсті. Жұмыс берушілердің таңдауы инженер-технологтерге, өндірісті автоматтандыру жөніндегі мамандарға, энергия тиімділігі, тұрақты даму жөніндегі сарапшыларға түсіп отыр. Мысалы, құрылыс саласындағы инженерлердің жалақысы кейінгі екі жылда 18%-ға өсіп, орташа төлем деңгейі 500 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейінгі аралықта қалыптасты. Сарапшылардың болжауынша, алдағы бес жылда құрылыс пен энергетикада инженерлік кадрларға қажеттілік сақталып, тұрақты жобалар мен жасыл технологиялар негізгі бағыттарға айналмақ.
Барлық салада мамандарға қойылатын жаңа талаптар цифрлық дағдыларды қамтиды. Тіпті бухгалтер немесе заңгер сияқты дәстүрлі кәсіптер сараптауды, сандық шешімді қажет етеді. McKinsey мәліметтері бойынша 2030 жылға қарай жұмыстың 40%-ы автоматтандырылуы мүмкін. Сонымен қатар отандық жұмыс берушілер жаһандық экономикаға табысты кірігу мақсатында ағылшын тілін, халықаралық тәжірибені жақсы меңгерген үміткерлерге мойын бұрмақ. Жұмыс берушілер қызметкерлерге арналған біліктілікті арттыру бағдарламаларын енгізе бастайды.
2028 жылға қарай IT саласының мамандарына сұраныс тағы 30%-ға өсетіні болжанып отыр. Сондай-ақ экологиялық жобалар инженерлер мен тұрақты даму мамандарына арналған жаңа жұмыс орындарын ашады. Электрондық коммерция – сату мен маркетинг мамандары үшін дамудың негізгі көзі. Еңбек нарығы жаһандық үдерістер мен жергілікті өзгерістердің ықпалында болғандықтан, жұмыскердің кәсіби деңгейі цифрландыру, тұрақты даму, жаһандық қосылған құн тізбегіне интеграциялану сынды өлшемдермен байланысты болып қала береді.