
Әңгіме желісі тарихи кітаптар жайына ойысқан. Аманжол өзі оқыған тарихи туындыларды тілге тиек етті. Батыр бабалардың он үшінде отау иесі, он бесінде қолына қару алып елі-жерін жаудан қорғағанын айтты. Оның сөзін іліп әкеткен Ардақ өзіміздің әлі күнге дейін етегімізді жия алмай, әке-шешеміздің жетегінде жүргеніміз – ұят екенін күмілжіп жеткізді. Сөйтіп, төртеуміз қазақтың азаттығы жолында құрбан болған Хан Кене мен жас Наурызбай бастаған баһадүрлердің ерлігіне таңғалдық. Абылай ханның түсін жорыған Бұқар жыраудың әулиелігіне бас идік. Ақыры төртеуміз «Біз кімбіз?» деген сұраққа тірелдік. Ойланып қалдық.
– Бақа-шаян.
– Жо-жо-жоқ, – дейді Айдос.
– Құрт-құмрысқа.
– Қалай?
– Бізден кейін келетін ұрпақтар да бар емес пе, – деп күліп жіберді, ол.
– Бәріміз де күлдік. Неге? Құрт-құмырсқа болғанымызға ма? Қызық…
Сағыныш
Студент кезімде ауылға демалысқа келген сайын алдымен аталарыма сәлем беруші едім. Көнекөкірек қариялар соған марқайып қалатын. Кейде әңгімеге тартып, бас қаланың жаңалығын сұрайды. Әсіресе Арқа төсінде әсем бой көтеріп келе жатқан еңселі елорда туралы білгісі келеді. Бірде ауылға жазғы демалысқа келгенде Төлеу атама сәлем бердім. Жасы сексенге келіп, табалдырықтан алысқа ұзай алмай отырған қарт оған қуанып қалды. Ептеп қуақы әзілі бар еді:
– Балам, Президентті көрдің бе?
– Көрдім.
– Жақын барып, сәлем бердің бе?
– Жоқ.
– Қап, Боқан болса бердім дей салар еді, – деп Төлеу шал мырс етті.
Оның бас шаһарға балаларымен қоныс аударған құрдасы, соғыс және еңбек ардагері Боқан қартты айтып тұрғанын түсіндім. Бүгінде екі қария да арамызда жоқ. Олардың «түйе қарап» кеткендеріне біраз жыл болды. Боқан әкем елордада дүниеден озғанымен ұлдары сүйегін ауылға апарып жерледі. Бірақ менің кеудемде сол аталарыма деген сағыныш қалып қойды.