Тұлға • Бүгін, 08:02

Тектіден туған тарлан

10 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бар саналы ғұмырын мәдениет пен халық ауыз әдебиетін насихаттауға арнаған, өзінің адами қасиетімен, қара­пайымдылығымен, ортасына сыйлы болған Мәдениет қайраткері, лирик-сазгер, айтыскер ақын Әбдікерім Манапов арда азамат еді.

Тектіден туған тарлан

Әбекеңмен ауылдағы мектепте бір сыныпта оқып, бір бөлмеде тұрған досым Үсенбек Жолшы­бай жататын интернатта таныстым. Сол кезден бастап бұрын­нан араласып жүрген ескі таныс­тай әңгімелесіп кеттік.

Тектінің тұяғы әзіл-оспаққа шебер еді. Домбыраға қоңырқай даусын қосып ән салатын. Тыр­нақалды әзіл өлеңдері, ауыл өмі­­ріне арналған мақалалары аудан­дық газетте үнемі жария­ланып тұратын. Сол күннен бас­талған алғашқы таныс­тығымыз 50 жылдан асқан достыққа ұласты.

1971 жылы бәріміз арман қуып, институт пен универси­тетке құжат тапсырдық. Әбді­керім ол жылы түрлі себеппен оқуға түспей, ауылда қалды. Еңбек жолын аудандық мәде­ниет бөліміне автоклуб меңгеру­шісі қызметінен бастады. Кейін­нен ҚазМУ-ды филология маман­дығы бойынша бітіріп алды. Аудан­дық автоклубпен бірер өнер­паз­ды ертіп алып, «Дала жұлдыз­дары» халықтық мәдени үгіт бри­гада­сымен қарт Қаратаудың қой­­науындағы малшыларды, Сыр бойындағы диқандар қоста­рын аралап кешқұрым кино көр­сетіп, соңынан концерт бере­тін. Бригада құрамындағы жез­таң­дай әнші-сазгер Бексұл­тан Бай­кенжеев, жыршы-тер­ме­ші Есіркеп Қоңқабаев пен Әмір Мәжитов, сазгер-күй­ші Аб­дул­азиз Қилыбаев, әнші Өмір­бек Марсалиев өнерле­рі­мен көрер­мендердің көңілін көтере­тін. Осы­лайша ол да сөз өнеріне ма­шықтанды. Алдында әрі әкесі, әрі ұстазы Манап ақын­нан үйренгені көп Әбекең де өлең жаза бастады.

1978 жылы Әбдікерім Түркіс­тан ауданы басшыларының ша­қыртуымен Түркістан қаласы мә­дениет бөліміне автоклуб мең­герушілігіне орналасты. 1982 жылы аудандық мәдениет үйінің директорлығына тағайындалды. Ол жаңа орында Жаңақорған ауда­нында жүріп жинақтаған мол тәжірибесінің арқасында өзін жаңа қырынан көрінді. Өнерпаз жастардың басын қосып, автоклубымен алыс жайлаудағы шо­пандар мен егіншілер қоныс­тарына барып қызмет көрсетті.

Бастамшыл да ізденгіш жас­тың еңбегі бағаланып, 1984 жылы Түркістан қала­лық мә­дениет үйі­нің директор­лығына, ал 1987 жылдан бастап аудандық мәдениет бөлі­мінің меңгерушілігіне таға­йын­далды.

Түркістан қаласының мәде­ниет бөлімін 20 жыл басқар­ған Әбдікерім 2003 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Түркі­ойстан», «Тұран жар­нама», «Ясауи мұрасы» респуб­ликалық газеттерінің бас редакторы болды. Кейінгі 12 жылында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде жауапты қызметтер атқарды. Түркістан топырағында айтыс­керлік қырын жаңаша көрсетіп, халық алдында сөз өнерінің хас шеберлерімен додаға түсті. Әбдікерім де халық ақыны, әкесі Манап Көкеновтің атына дақ түсірмей талай додада мерейі үстем шықты. 80-жылдары алғаш Әселхан Қалыбекова, Жәниба Қарасаева, Жадыра Құт­­жо­ловамен айтыса бастаған Әбді­ке­рім мұнан кейінгі жиырма жыл­дан астам ел алдында Көп­бай Ома­ров, Тәушен Әбуо­ва, Есен­­құл Жақыпбеков, Қати­молла Бер­ді­ғалиев, Қалихан Алтынбаев, Қо­ныс­бай Әбілов, Әсия Беркенова, Айт­ақын Бұл­ғақов, Шорабек Ай­да­ров, Ай­нұр Тұрсынбаева сынды ай­тыс ақындарымен сөз безбені­не түсті.

– Айтыс өнеріндегі тұң­ғыш ұстазым әрі өмірлік бағдар­шамым әкем Манап еді. Мұнан өзге айтыс ақындарынан да үйренгенім көп. Соның арқа­сында талай жерде мерейім үстем болды.

1982 жылы Оңтүстік Қазақ­стан облыстық ақындар айтысында Түркістан ауданының на­мы­­сын қорғайтын болдым. Ол кездері айтыс ережесі бойын­ша алдын ала кім-кіммен айтыса­тыны белгіленіп, әр ақын өзіне қарсы­лас ақынның ауданына барып олардың жетістігі мен кемшілігін көріп танысып қайтатын. Мен белгілі айтыскер-жырау Көпбай Омаровпен айтысатын болып, ол тұратын Жетісай ауданына бірнеше күнге сапарлап қайттым. Айтысқа үш күн қалғанда әкем Манап пен Көкен атамның батасын алайын деп ауылға бардым. Үнемі түзде болатын әкем ол күні үйде екен. Шай үстінде ол:

– Әй, сен айтысайын деп жа­тыр­сың ба? – деп сұрады.

– Иә.

– Кіммен?

– Көпбай Омаровпен.

– Ііі… – деп сәл ойланып отырды да: – Қалай айтыспақ­сың, – деді. Бірер пікірімді тыңдаған соң: – Көпбай айтыстың арыстаны, сен айтыс сахнасына енді шығып тұрсаң, мына сөздерің саған опа бере ме? Көпбайды жеңу үшін емес, тең түсу үшін айтыс. Се­нің жеңі­сің – сол. Көпбай мақам­ды ақын, уәжге жүйрік, оның үстіне сырнайының сиқырлы үні де тыңдарманын баурап, ой толғауға мұрсат береді, – деді Мәкең. Сол жолы төрешілер менің Көпбаймен айтысымды тең деп бағалады. Көпбай аға ақ батасын берді. Осы уақытқа дейін ел алдында жүргенім осы Көпбай ағаның, әкем Манап пен атам Көкеннің ақ батасының арқасы деп білемін. Бұған дейін айтысқа домбырамен шығып жүргенмін, көп ұзамай айтысқа сырнаймен шығатын болдым. Мен мұны әке тәлімі деп білемін, – деген еді бір әңгімесінде Әбекең.

Әбдікеріммен бозбала ша­ғымызды еске алып әңгіме-дүкен құрып отырғанда сөз желісі ақын­дар айтысына ойысатын. Мұн­дайда ол өзінің Көкен Шәкеев, Жа­қып­бек Алтынбеков, Надежда Луш­никова, Әзімбек Жанқұлиев, жерлестеріміз Замадин Ибадул­лаев пен Мұха­медқали Тұрсанов, Сырда туып қырда өскен Шым­болат Діл­дебаев сынды аға-іні, әпке­ден алған үлгі өнегесінің мол болғандығын ықыластана әңгі­мелейтін. 1987 жыл айтыс өнері ерекше бетбұрысымен есте қалды. Павлодар қа­ласын­да өткен рес­публикалық ақын­дар айтысына Әбдікерім де, әкесі Манап Көкенов те барды. Ұйым­дастырушылар мен жиналған көрермендер әкелі-балалы қос ақынды айтыстыруға шешім қабылдады. Бұл – айтыс өнерінде бұрын-соңды болмаған құбылыс.

Әбдікерім 1990 жылы облыс­тың бас ақыны атанды. Бұл оның жұлдызды жылдары еді. Сөз өнерінің хас шеберлерімен айтысқа түсіп, республикалық, халық­аралық айтыстардың бас жүл­­десін жеңіп алды. Осы жыл­да­ры оның өнерін тек Қазақ­стан ғана емес, көршілес Өзбек­стан, Қырғызстан, Түркия жұрт­­шы­лығы тамашалап, қол соқ­ты. Мәде­ниет министрлігінің ұйым­дас­тыруымен табаны күректей төрт жылға созылған телеайтыс қорытындысында Рес­публика кубо­гін жеңіп алды. Қазақстан Жазу­шылар және Журналистер ода­ғы­ның, Республикалық айтыс ақындары мен жыраулар одағы­ның мүше­сі Әбдікерім Мана­пов шы­ғар­машылығымен қатар, қоғам­дық жұмыстарға белсене араласты.

Ол бірнеше поэма-дастан да жазды. Оның қаламынан туған «Домалақ ана» дастаны,  «Күлайна», «Сауран» поэ­ма­лары мен өлеңдері аудан, облыс, рес­публикалық басылымдар­да жарияланса, айтыстары «Мәң­гілік көктем», «Айтыс» жинақ­та­ры­на кірді. Соңында 60–70 ән қалды. Мұқағали Мақа­таев­тың «Иіскейін», Төлеген Айбер­генов­тің «Шырайлым», Әсел­хан Қалы­бекованың «Әзірет Сұлтан», Марфуға Айтқо­жина­ның «Жеңе­ше», Қаны­бек Сарыбаевтың «Қара­тау қарлығашы» өлеңіне ән жазды.

Тәлімгер ретінде бірнеше жас ақынды айтыс өнеріне бау­лып, оларға бағдар берді. Қазір есімі елге белгілі айтыстың ақтан­гері Бекарыс Шойбеков, Асқар Дүйсенбиев, Кәрима Оралова, Жарқынбек Наушабеков, Нұрлан Есенқұлов, Біржан Байтуов, Асхат Садықбеков, Серік Жұмаділ, тағы басқа да бірнеше айтыскерге жол сілтеді.

Ол халқымыздың 800-ден астам құнды жәдігерін өз мұра­­жайында жинақтап, «Кен­тау қазақ тех­никалық коллед­жінің» музейіне табыстады. Қазақстан телера­дио­сының алтын қорын­да Нартай, Базар жырау мен Құ­лан ақын термелері Әбді­ке­рім­нің орындауында жазылды.

«Әзірет Сұлтан» ұлттық тари­­хи-мәдени музей қорығы дирек­торының орынбасары қызме­тінде жүргенде кесене айналасын абаттандыруға, жойылып кеткен жәдігерлерді қалпына келтіруге атсалысты. Әр сөзінде Қ.Ясауидің ұлы Ибраһим сұлтанның қабірінің басына белгітас қою қажеттігін ылғи жиналыстарда айтып отыратын. Әбекең түркістандық көне­­көз қария И.Жолдасқожаұлы­ның қолында сақталған дерек­тер негізінде қаладағы І.Жансүгіров көшесінде орналасқан үйлер­дің бірінің жанында мүрдесі қал­ған Ибраһим сұлтанның қабірі­не ғылыми археологиялық зерттеу жүргізуге мұрындық болды. Сон­дай-ақ «100 аңыз адам» жинақ кітабы оқырманға жол тартты.

Оның тынымсыз тірші­лігі, із­деністері мен атқарған қыз­меті елен­бей қалған жоқ. Қазақ­станның мәдениет қайрат­кері, «Түркістан қаласының құрмет­ті азаматы» атан­ды, «Қа­ла­ға сіңір­ген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттал­ды.

Әбдікерім Манаповтың қала­мынан мектеп оқушылары мен балаларға арналған «Ама­нат», «Ерте үзілген әңге­лек», «Ибра­һим шайық», «Мекке­де оқыл­ған намаз» сынды кітапша­лар дү­ниеге келді. Айтыстары, өлең­дері мен әндері, ұлттық болмы­сы­мыз­ды айшықтайтын тарихи зерт­теулері, театр өнеріндегі сал­ған тың соқпақтары, елге еткен қызметі, білім дәрежесі мен қай­раткерлігі қанша биік болса да, оның қарапайымдылығы бәрі­нен жоғары тұратын. Хал­қы­мызда «Жақсының аты өлмейді, ға­лымның хаты өл­мейді» деген ке­ремет сөз бар. Осы сөздің мән-ма­ғынасы Әб­ді­керім сынды жайсаң жандардың өмірлік өне­гесін, бітім-болмысы мен ақыл-пара­сатын айқындай түсетіндей. Ал­дағы жылдары Шымкент, Қы­зыл­орда, Түркістан қаласы мен Жаңа­қорған ауда­нының әкімдігі көше, не болмаса өнер мектептерінің атын беріп жатса, тектіден туған тарланның аты мәңгі халық жадында қалатыны сөзсіз.

 

 Ерубай ҚАЛДЫБЕК,

 Қазақстанның мәдениет қайраткері

Соңғы жаңалықтар

2,4 миллиард несие берілген

Шаруашылық • Кеше